Ссылки доступа

Өзбекстанда қыздарды Үндістанға жезөкшелікпен айналысуға жіберетін жұп ұсталды


Өзбекстан милициясы қыздарды Үндістанға жезөкшелікпен айналысуға жіберетін қылмыстық топ өкілін қолға түсірді.

ІІМ мен Ташкент облысының милициясы ұйымдастырған шұғыл операция барысында 13 желтоқсанда Ташкент әуежайында екі қызды Үндістанға жібермекші болған М. Ю. есімді азамат ұсталды, деп хабарлады Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Тергеу мәліметінше, күдікті Наманганда 19 және 27 жастағы апалы-сіңлілі қыздарды табысы көп жұмысқа тұруға көндірген.

Мәлім болғандай, күдіктінің азаматтық некедегі әйелі қазір Үндістанда жүр. Ол қыздарды күтіп алып, сол жерде жезөкшелікпен айналысу үшін жағдай жасаумен шұғылданады. "Олар қыздардың Үндістанға визасы мен жолақысын төлеген", - деп хабарлады ІІМ.

Ұсталған күдікті мен оның әйелінің үстінен "адам саудасы" бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Әйелді Үндістаннан экстрадициялау жұмысы басталып кетті.

ІІМ мәліметінше, 2022 жылы Ташкент облысының милициясы адам саудасына қатысты 8 іс аясында 15 адамды ұстаған. Олардың қылмысы салдарынан 12 адам адам саудасы құрбаны болған.

XS
SM
MD
LG