22 жастағы Бобоазиз Туйдиев пен 28 жастағы Манучехр Шодовтың денелері 12 желтоқсанда Ресейден Тәжікстанға жеткізілген.
Туыстарының сөзінше, Бобоазиз Туйдиев 2021 жылдың қыркүйек айында есірткі сақтады деген күдікпен ұсталып, алты жылға сотталған.
Манучехр Шодовтың әкесі Хокимшо Шодов Озоди радиосына берген сұқбатында ұлының не үшін түрмеде отырғанын айтқысы келмеді. Тек "бізден жасырып, соғысқа жіберген. Ұлымды өлтірді" деді. Манучехр Санкт-Петербургте жазасын өтеген екен.
"Медиазона" басылымының мәліметінше, қыркүйек және қазан айларында Ресей түрмелеріндегі тұтқындар 23 мыңға қысқарған. "Медиазона" болжамынша, олардың бәрі "ЧВК Вагнер" жеке әскери компаниясы арқылы Украинаға соғысқа тартылған.