Ссылки доступа

Өзбекстан билігі бірнеше бала өлген соң "Док-1 МАКС" дәрісін сатуды доғарды


Самарқанда Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы "Док-1 Макс" үнді дәрісін қабылдағаннан кейін жағдайы нашарлаған науқастарды тексеріп жатыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұның алдында әлеуметтік желілерде Самарқанд облысында Үндістанда шығарылған "Док-1 Макс" дәрісін ішкен жиырма бала ауырып қалғаны, 15 бала қайтыс болғаны хабарланған.

Самарқанд облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің айтуынша, 15 желтоқсанда "Док-1 Макс" дәрісін қабылдаған 21 баланың "бүйрегі бас тарта бастағаны" анықталған. Олардың көбісіне анурия диагнозы қойылған.

"17 баланың жағдайы мүшкіл, сол себепті бірнеше мәрте гемодиализ жасауға тура келді. 15 бала қайтыс болды", - дейді бас дәрігер. Ол мұндай дәріні балаларға ішкізуге тыйым салуды сұрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, фармацевтика агенттігі жағдайды бақылап отыр. 2022 жылғы 22 желтоқсаннан бастап Өзбекстанда мұндай дәріні сату тоқтады. "Док-1 Макс" дәрісін Үндістанда Marion Biotech Pvt. Ltd компаниясы шығарады. Ол түйнек дәрі және сироп күйінде сатылады.

Өзбекстанда осы дәріден балалар өлген соң Қырғызстанда "Док-1 Максты" сатуды тоқтатты. Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

XS
SM
MD
LG