Ссылки доступа

Ауғанстанда үш қайырымдылық ұйымы жұмысын уақытша тоқтатты


Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" қозғалысы жергілікті әйелдерге үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуге тыйым салған соң үш қайырымдылық ұйымы осы елдегі жұмысын уақытша тоқтатты.

Ауғанстанда "Балаларды қорғау" (Save the Children) үкіметтік емес ұйымы, "Күтім" боқсындар ісі жөніндегі норвег кеңесі және Халықаралық көмек комитетінің жұмысы тоқтап тұр.

"Әйел жұмысшылардың көмегінсіз біз көмекке зәру балаларға, әйелдер мен ер азаматтарға сапалы көмек көрсете алмаймыз", - деп жазылған халықаралық ұйымдардың бірлескен мәлімдемесінде.

"Талибан" тыйымы көмек сапасына ғана емес, экономикалық дағдарыстағы елде мыңдаған жұмыс орнының қысқаруына себеп болады, деп есептейді халықаралық ұйымдардың өкілдері. "Осы ережеге қатысты толық мәлімет алмайынша біз бағдарламаларымызды уақытша тоқтатамыз", - деп мәлімдеді ұйымдар.

Бұның алдында "Талибан" жергілікті және шетелдің үкіметтік емес ұйымдарына әйелдерді жұмысқа алуға тыйым салған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, тәліптер үкіметінің экономика министрлігі мұндай шешімді әйел қызметкерлердің бірқатарының тәліптер түсінігіндегі ислам дресс-кодын сақтамауына байланысты қабылдаған.

Тәліптер билікке келген уақытта әйелдер құқықтарын сақтауға уәде берген, бірақ артынша шектеулер қоя бастаған. "Талибан" қозғалысы әйелдер істері жөніндегі министрлікті жойды, қыздардың мектепте оқуын шектеді, әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салды, тележүргізуші әйелдерді хиджаб киюге міндеттеді.

XS
SM
MD
LG