Ссылки доступа

Тәжік блогері Абдусаттор Пирмухаммадзода 7 жылға сотталды 


Блогер Абдусаттор Пирмухаммадзода, архив сурет. 
Блогер Абдусаттор Пирмухаммадзода, архив сурет. 

Тәжікстанда блогер Абдусаттор Пирмухаммадзода жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол осыған дейін абақтыдан жолдаған хатында тергеу барысында азапталып, психологиялық қысым жасағанын мәлімдеген.

Блогердің туыстары Душанбенің Исмоили Сомони аудандық соты 26 желтоқсанда шығарған бұл үкіммен келіспейтінін жеткізді.

"Абдусаттор "Экстремистік ұйымның қызметін ұйымдастыру" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот әділетсіз шешім шығарды, біз үкіммен келіспейміз. Сот отырысында Абдусаттор өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп атады", - деді блогердің бауыры Абдукарим Пирмухаммадзода.

Белгілі журналист әрі блогер Абдусаттор Пирмухаммадзоданың соты 13 қазанда басталған. Қазан айының аяғында ол тергеуден хат жазып, өзін азаптағанын мәлімдеген.

"Өзімді токпен қинаған кезде, өмір сүргім келмей кеткен. Милиция қызметкерлері мен тергеушілер мені ұрып-соғып, "жасанды айыптауларды" мойныма артуға әрекет жасады. 8-9 күн азаптап, кемсітіп, толық оқшаулап, отбасымды айтып қорқытқаннан кейін, жасамаған қылмысты мойным артуға мәжбүр болдым. Физикалық қысыммен "оппозиция лидері Мухиддин Кабиримен байланыста болып, Тәжікстанда революция жасауға әрекет еттік" деп камераға айтып бергем", - деп жазған ол.

Кезінде Тәжікстанның мемлекеттік телеканалдарында істеген 44 жастағы Абдусаттор Пирмухаммадзода соңғы жылдары әлеуметтік желіде белсенділік танытып, елдегі өзекті мәселелерді көтере бастаған. 40 мың жазылушысы бар YouTube каналын жүргізіп келеді. 9 шілдеде ол Вахдат қалалық ішкі істер басқармасына тергеуге шақырылып, сол күні қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG