Ссылки доступа

Таулы Бадахшан парламентінің экс-депутаты 6,5 жылға сотталды


Тохир Абдолбеков

Тәжікстанда Таулы Бадахшан автономиялы облысы парламентінің бұрынғы депутаты Тохир Абдолбеков 6,5 жылға сотталды.

Хорог қалалық соты үкімді 22 желтоқсанда жариялаған, бірақ ол туралы енді ғана мәлім болды.

"Үкім жарияланған сотқа Абдолбековтің туыстары қатысты, бірақ оның адвокаты келмеді", деп хабарлады дереккөз. Оның айтуынша, Абдолбеков "экстремистік қауым ұйымдастырды", "қауіпсіздік талаптарына қайшы қызмет көрсетті немесе өнім өндірді" деп танылды.

Тохир Абдолбеков биыл қараша айында Хорогтағы үйінде ұсталды. Туыстарының айтуынша, оны Хорогта мамырда болған наразылық акциясына қатысқандарға материалдық көмек берді деп айыптаған.

Кейін мәлім болғандай, бұрынғы депутат "Әлім Шерзамановпен араласты", "Мамадбокир Мамадбокировтің жаназасын шығаруды ұйымдастырды" деген күдікке ілінген. Әлім Шерзамонов - елде тыйым салынған Тәжікстан ұлттық альянсы төрағасының орынбасары, шетелде тұрады. Таулы Бадахшанның бейресми көшбасшыларының бірі Мамадбокир Мамадбокировті 22 мамырда Хорог қаласында өлтіріп кетті.

"Абдолбеков тергеу кезінде тергеушілерге тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, қылмыстық істің әділ қаралуын талап еткен", дейді дереккөз.

Сотталушының туыстарының Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, Абдолбековтің туыстары Хорог қалалық сотына кассациялық арыз түсіруді көздеп отыр.

Тохир Абдолбеков – азаматтық белсенді Ораз Вазирбековтің күйеу баласы, Хорогта бірнеше дүкені бар. Душанбе қалалық соты 5 қарашада Мәскеудегі памир диаспорасының басшыларының бірі Ораз Вазирбековті 16 жылға соттады.

XS
SM
MD
LG