Ссылки доступа

Алматы соты журналист Козачковты қамаудан босатпады


Алматы соты қазақстандық журналист Михаил Козачковты 18 ақпанға дейін қамауда қалдырды. Бұл туралы журналистің адвокаты Мұрат Адам 28 желтоқсанда Facebook парақшасында хабарлады.

Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі ақпаратты растады.

"Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі сотының сот алқасы Козачковты 18 ақпанда дейін екі ай қамауға алу туралы бұған дейінгі қаулыны өзгеріссіз қалдырды, адвокаттардың жеке шағымдары қанағаттандырылмады" деді соттың баспасөз қызметі.

Қаулы бірден күшіне енді; сот іс құпиясына сілтеп, басқа ақпарат бермеді.

18 желтоқсанда қаржы мониторинг агенттігі журналист, Kozachkov offside телеграм-арнасының авторы Михаил Козачковтың ұсталғанын хабарлаған. Ол "Болат Назарбаевтың көмекшісі" деп аталған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобына рейдерлік жасауға көмектесті деген күдікке ілінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Қоспаев "рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау үшін Козачковтың қызметіне жүгінген". Козачков сол үшін "қылмыстық топ мүшелерінен" 52 млн теңге (112 мың доллар) сыйақы алған деп айтылады. Журналистің әріптестері Козачковты кәсіби қызметі үшін қудалап отыр деп мәлімдеді.

19 желтоқсанда кешке журналист Вадим Борейко Facebook парақшасында әріптесі Козачковтың мәлімдемесін жариялады. Онда мәлімдеме авторы өзінің ұсталуын "қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элимановтың жеке мақсатта кек алғысы келгендігімен" байланыстырған. Мәлімдеме авторының айтуынша, ол Элимановтың "әйелі туралы мақала жазғандықтан" агенттіктің өзін түрмеге "жапқысы келетіні" жөнінде бірнеше рет хабар алған.

Қаржы мониторинг агенттігінің жетекшісі Жанат Элиманов журналист атынан таратылған мәлімдемеге реакция білдірмеді.

20 желтоқсанда бас прокуратура журналист Михаил Козачковтың ісі "прокуратура органдарының бақылауында болады" деп айтқан.

Козачковтың ұсталған соң елде ондаған басылым мен медиа ұйымдар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, журналисті босатуға шақырған еді.

Ал Қазақстан журналистер одағы "органдарды ел заңын сақтауға", "Козачковтың ісін жан-жақты, обективті түрде қарауға" шақырған. "Әділ сөз" журналистер құқығын қорғау қоры "Козачковтың кұқығы өрескел бұзылғанын" мәлімдеп, оны босатуды сұрады.

Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстанда коррупциялық істер жайды жазып жүрген журналистің ұсталғанына алаңдаушылық білдірді.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "бұл іс іс Қазақстан заңына сәйкес тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс" деп жазды.

XS
SM
MD
LG