Ссылки доступа

Тәжікстан президентінің күйеу баласы Ұлттық банк басқармасы құрамынан шығарылды 


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 13 желтоқсанда қол қойған жарлығына сәйкес, күйеу баласы Жамолиддин Нуралиевті Ұлттық банк басқармасы құрамынан шығарды. 

45 жастағы Нуралиев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары қызметінен биыл шілде айының басында алынған.

Тамызда Озоди радиосы дереккөзіне сілтеме жасап, Рахмонның күйеу баласының қызметтен кетуі президент отбасындағы жанжалға байланысты екенін, таяуда ол басқа қызметке тағайындалуы мүмкін екенін жеткізген. Бірақ бүгінгі күнге дейін оның жаңа қызметі бойынша ешқандай ақпарат айтылмады.

АҚШ-та білім алып, Тәжікстанның банк жүйесінің "архитекторы" аталған Жамолиддин Нуралиев тәжік үкіметінде "батысшыл" деп есептеледі. Соңғы жылдары ол халықаралық қаржы институттарындағы тәжірибесіне сүйеніп, Халықаралық валюта қорынан жеңілдетілген несие алу бойынша келіссөздер жүргізген.

Тәжік билігі бұл несие ұйымының талаптарын орындау мен өлкедегі екі ірі банкты ("Тажиксодиротбанк" және "Агроинвестбанк") жою мәселесін шешіп, "Борки точик" энергохолдингін қайта ұйымдастыру аясында екі жаңа акционерлік қоғам құрған – "Жеткізу электр желілері" және "Үйлестіру электр желілері". Бірақ бұған қарамастан Тәжікстан әлі де болса Халықаралық валюта қорынан жеңілдетілген несие алған емес.

2008 жылы Халықаралық валюта қоры Тәжікстанның Ұлттық банкын 47 млн доллар несие алу үшін жалған мәліметтер берді деп айыптады. Онда тәжік банкы кінәсін мойнына алып, несие мерзімінен бұрын төлеп беруге уәде еткен.

Осы оқиғадан кейін Халықаралық валюта қоры Тәжікстанға ірі көлемде несие бермей, елдің түрлі құрылымдарын дамытуға техникалық көмек бермей келеді.

Нуралиев Тәжікстанның Ұлттық банкында істеп тұрғанда елде төрт банк банкрот болды. Олар - "Тажиксодиротбанк", "Агроивестбанк", "Фононбанк" және "Тажпромбанк" коммерциялық банктары.

Рахмон 2019 жылдың мамыр айында елдің банк жүйесін, оның ішінде Ұлттық банк жұмысын сынға алған. Осыдан кейін Ұлттық банк жетекшілеріне, оның ішінде Жалолиддин Нуралиевке сөгіс жарияланған.

XS
SM
MD
LG