Ссылки доступа

Конституциялық сотқа Эльвира Әзімова жетекшілік етеді


Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметке 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі. 29 желтоқсанда Ақорда сайтында арнайы жарлық жарияланды.

49 жастағы Эльвира Әзімова 2019 жылдың қыркүйегінен бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келген. Оған дейін 2013 жылдан бастап әділет министрінің орынбасары болған.

Әзімова омбудсмен болып тұрғанда құқық қорғаушылар оның қызметін жиі сынаған. Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдары қызметкерлері азаптап, қысым көрсеткені жайлы азаматтардан жаппай арыз-шағым түсіп жатқан кезде Алматыдағы қамау орындарына барғаннан кейін есеп берген омбудсмен "террорист" деп айтақын үшін сынға қалған.

Адам құқығының ахуалына байланысты жиі сынға қалатын Қазақстанда биыл омбудсменнің өкілетін арттырып, аймақтардан өкілдігін ашуға мүмкіндік беретін заң қабылданған.

Биыл Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін конституциялық сот институты қайта қалпына келген еді. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайтын конституциялық сотқа, биліктің айтуынша, "барлық азамат шағым түсіре алады". Оның өкілеті конституциялық кеңестен де жоғары болады.

XS
SM
MD
LG