Ссылки доступа

Қырғызстан: "Керемет банк" ісі бойынша ұсталғандардың бәрі қамалды


Қырғызстанда "Керемет банкке" қатысты қылмыстық іс аясында ұсталғандардың бәрі тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Бішкек қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық сот мәліметінше, алаяқтық жасау, қылмыспен келген табысты заңдастырды деген күдікпен ұсталған бестен астам адам үш ай тергеу изоляторында отырады. Сот органы нақты қанша адам ұсталғанын, олардың кім екенін айтпады. Қылмыстық іске қатысты сот қашан өтетіні де белгісіз.

Бұның алдында, 23 желтоқсанда, Бас прокуратура ҰҚМК-нің екі қызметкері ұсталғанын хабарлаған. 22 желтоқсанда "Керемет банк" төрағасы Мақсат Дадыбаевтың ұсталғаны мәлім болды. Прокуратура мәліметінше, "Керемет банкке" қатысты қылмыстық іс желтоқсанның басында қозғалған.

"Керемет банк" - Қырғызстанда қызмет атқаратын коммерциялық банк. 2018 жылғы қазанда банк акциялары пакетіне Қырғызстан Ұлттық банкі ие болды. 2020 жылғы желтоқсандағы мәліметке қарағанда, Ұлттық банк аталған қаржы мекемесінің 97,45 пайыз акциясына ие.

"Керемет банк" бұрын "Российский Инвестиционный Банк" деп аталған, алайда 2019 жылы Әділет министрлігінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен.

XS
SM
MD
LG