Ссылки доступа

Өзбекстан Marion Biotech үнді компаниясының препараттарын сатуға уақытша тыйым салды


30 желтоқсаннан бастап Өзбекстанда Marion Biotech үнді компаниясы шығарған дәрі-дәрмектердің барлық түрін сату уақытша тоқтатылды.

Өзбекстан фармацевтика саласын дамыту жөніндегі агенттіктің ақпарат қызметінің жетекшісі Кизлархон Бегматова жұма күні Ташкентте өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстанда Marion Biotech үнді компаниясының "Док-1 Макс" шәрбатын ішкен 19 бала көз жұмған. 22 желтоқсанда Өзбекстанда препараттың бұл түрін сатуға уақытша тыйым салынды.

Бегматованың айтуынша, "Quramax Medikal" компаниясына дәріханалардағы осы препараттың бәрін жинап, оларды дистрибьюторге қайтару тапсырылған.

Агенттік мәліметінше, "Док-1 Макс" препаратынан улы зат табылуына байланысты Marion Biotech компаниясы шығарған басқа да өнімдер зертханада тексеріліп жатыр. Агенттік өкілі Үндістан билігі Marion Biotech компаниясына қатысты тергеу бастағанын айтып өтті.

Бұның алдында Өзбекстан денсаулық сақтау министрі Бехзод Мұсаев кем дегенде 19 баланың өліміне қатысты істегі кінәлілердің бәрі жауапқа тартылатынын, Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG