Тәжікстанда соңғы үш айдың ішінде жеті журналист және блогер түрлі мерзімге (7 жылдан 21 жылға дейін) бас бостандығынан айырылды. Оларға негізінен "Жалған ақпарат тарату", "Экстремистік ұйымдардың жұмысына қатысу" және "Тыйым салынған ұйымдармен қызметтесу" сияқты баптар бойынша айып тағылған.
Журналистер өзіне тағылған айыптарды мойындаған емес.
"Шекарасыз тілшілер" баяндамасында сотталған журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп келгенін, бұл жергілікті шенеуніктерге жақпағанын жеткізген.
"Журналистер мен блогерлерге қатысты сот үкімі қазан айынан басында шығарылды. Бұл үкімдер тәуелсіз журналистерге жасалған ескерту болды. Азаптау, терроризмге айыптау, тағылған кінәні мойнына алуға мәжбүрлеу, сот отырыстарын жабық өткізу – президент Эмомали Рахмонның авторитарлық үкіметі сын айтқандарға қарсы қолданатын негізгі тәсілі", - деп жазылған баяндамада.
Осыған дейін қамаудағы үш журналист тергеу абақтысында азаптауға ұшырағанын, сол арқылы өзі жасамаған істі мәжбүрлеп мойындатуға көндіргенін жазған.
Қазанның басында Тәжікстанда 26 жастағы белгілі журналист Абулло Гурбати 7,5 жылға сотталған. Ютуб каналы арқылы танымал тағы бір журналист Далер Эмомали 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тәжікстанның мемлекеттік каналының бұрынғы қызметкерлері, кейін ютуб арқылы тәуелсіз канал ашып, елдің өзекті мәселелерін көтеріп келген Завкибек Саидамини мен Абдусаттор Пирмуҳаммадзода жеті жылға сотталды.
Тағы бір тәжікстандық блогер Хушом Гулям (Хушруз Жумаев) сегіз жылға сотталды.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері, журналист Мамадсултон Мавлоназаров (Мухаммади Султон) жеті жылға сотталды. Ол "Конституциялық құрылымды күшпен құлатуға шақыру" бабы бойынша айыпты деп танылды.
Оған қарсы істің қозғалуына отставкадағы полковниктің 2022 жылдың мамыр айында болған Таулы-Бадахшан автоном облысындағы оқиғалар туралы әлеуметтік желіге жазуы себеп болғаны айтылады.
Журналист және азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоева Таулы Бадахшанда "Заңсыз митинг ұйымдастырды" деген айыппен 21 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының сөз бостандығы бойынша рейтингте 180 елдің ішінен Тәжікстан 152-орында тұр.