Ссылки доступа

Өзбекстандағы бірқатар әуежайда Tax Free жүйесі жұмыс істей бастады


Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Фергана және Үргеніш әуежайларында 2 қаңтарда Tax Free жүйесі филиалдарының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Uzbekistan Airports баспасөз қызметі хабарлады. Жүйені мемлекеттік салық комитеті іске қосты.

Әлемнің көптеген елінде бар Tax Free жүйесі шетел азаматтарына қосылған құн салығын қайтарып береді. Өзбекстаннан тауар сатып алған шетел азаматтары елден шығарда салықтың осы түріне төлеген ақшаны алады.

Өзбекстан үкіметі былтыр 8 қарашада "кэшбэк" бар тауарлар тізімін бекіткен. Оған сувенирлер, жаңғақтар, жеміс-жидектер, кептірілген жеміс-жидек, тері бұйымдары, кілемдер, мақта-мақта бұйымдары және басқа да тауар кірді.

Қосылған құн салығын қайтарып алу үшін "Солик" мобильді қосымшасына тіркеліп, сатып алған тауарға алған чекті скандау керек.

Жолаушы әуежайдан ұшар кезде рейске тіркеліп, одан соң Tax Free қызметіне ұшақ талоны мен тауарды көрсетуі керек. Тіркелген тауарды қол жүгіне қалдыруға немесе тіркелу аймағына қайтарып, жүк ретінде тіркеуге болады.

Tax Free қызметін пайдалану үшін сатып алған тауар құны 1 млн сумнан ($90) асуы тиіс. Айта кетерлік жайт, азық-түлік ашылмаған, пайдаланылмаған болуы керек.

Кэшбэк жолаушының картасына алдағы айдың 25-нен кейін төленеді.

XS
SM
MD
LG