Ссылки доступа

"АЭС-ті халыққа түсіндіру жұмыстары" аясында қазақстандық блогерлер Корея мен Францияға барған


Қазақстан халқына атом электр станциясының "маңызын түсіндіру жұмыстары" аясында қазақстандық белсенділер мен журналистер, блогерлер мен депутаттардың шетелге сапары ұйымдастырылған.

Бұл жөнінде 30 желтоқсан күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

—Қандай реакторлар қолданып жатқанын көру үшін Оңтүстік Кореяға барды. "Росатом" салып жатқан "Аккую" нысанын көру үшін Түркияға сапар ұйымдастырылды. Атом станцияларының саны бойынша әлемде алдыңғы елдердің қатарында түрған Францияға барды. Халық пікіріне келсек, нақты цифрлар есімде жоқ, баспасөз қызметі ақпарат бере жатар. Бірақ АЭС-ке қарсы болған респонденттердің басым бөлігі бейтарап немесе оң көзқарас ұстанатындар қатарына өтті. Тұтас қарсы болу сатысын еңсердік. Шетелге халықпен араласатын блогерлер барды, – деді Болат Ақшолақов.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2021-2022 жылдары аралығында ведомство ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Самұрық-Қазына" қорымен бірігіп, халық арасында "қауіпсіз атом энергетикасының мәні" туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ведомство Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осы уақыт аралығында 1426 мақала жарияланғанын жазған.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, "Самұрық-Қазына" "қазақстандықтардың атом энергетикасының түрлі аспектілеріне көзқарасы" туралы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, нәтижесі халықтың АЭС жобасы туралы мағлұматы артқанын көрсеткен. Ведомствоның айтуынша, өткен жылғы сауалнама нәтижесімен салыстырғанда биыл АЭС-ті жақтаушылар 8 пайызға көбейіп, 48 пайызға жеткен, қарсылар қатары 53 пайыздан 44,2 пайызға азайған.

Биыл ақпанда энергетика министрі Болат Ақшолақов елдегі атом энергетикасының болашағы туралы сөз қозғап, "қауіпсіз АЭС" жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтқан.

Қазақстан үкіметі бұған дейін елде атом электр станциясын салу жоспары туралы мәлімдеген. Экобелсенділер, экологтар мен энергетика саласы бойынша бірқатар сарапшы АЭС-ті қауіпсіз санамайтынын және коммерциялық тұрғыда да тиімді емес екенін айтқан.

Бұған дейін Қазақстанда АЭС салатын елдер консорциумы арасынан қауіпсіздікке жауапты компания таңдалатыны хабарланған.

Консорциумға: қытайлық China National Nuclear Corporation, кореялық Korea Hydro & Nuclear Power, француздың Еlectricitе de France және ресейлік "Росатом" енген.

Еуропадағы экологтар мен белсенділер ЕО-ны осыған дейін Ресейдің ядролық отынынан бас тартып, санкция салуға үндеген. Бұған дейін "Росатомның" Украинамен соғыста Ресей армиясына консультация жасағаны белгілі болған.

XS
SM
MD
LG