Ссылки доступа

Қырғызстанда қамаудағы дәрігерлерді қолдауға ақша жинап жатыр


Қырғызстан тәуелсіз медициналық кәсіподағы қамаудағы дәрігерлерді қолдау үшін ақша жинау басталғанын жариялады. Бұл туралы ұйым жетекшісі Бермет Барықтабасова фейсбуктегі парағында жазды.

"Ұжым Қырғызстан медициналық кәсіподағына қамаудағы бес бала дәрігерін қолдау үшін ақша жинау жөнінде өтініш жасады. Олар Қырғызстанда дәрігер болып жұмыс істейтіндігі үшін ғана ұсталған", - деп жазды Барықтабасова.

30 желтоқсанда Бішкек қаласы Ленин ауданының соты ішкі істер басқармасы тергеушілерінің қалалық балалар ауруханасының бес дәрігерін 2023 жылдың 10 қаңтарына дейін қамауда ұстау жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Дәрігерлердің бірі үйқамақта отыр.

Қалалық сот мәліметінше, ұсталған дәрігерлер "қызметіне салақ қараған" деген күдікпен істі болған. Милиция дерегінше, олар бала өліміне байланысты ұсталған.

Мәліметке қарағанда, 13 желтоқсанда таңғы сағат 07:00-де астанадағы ауруханалардың біріне іші ауырған бала түскен. Түсте науқасты басқа бір аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырған, бірақ бала сол күні қайтыс болған.

Бермет Барықтабасова президент Садыр Жапаровтан дәрігерлерді негізсіз қудалауға жол бермеуін сұрады. Денсаулық сақтау министрлігі әзірле осы оқиғаға қатысты мәлімет таратқан жоқ.

XS
SM
MD
LG