Ссылки доступа

Қырғыз премьері "Кемпірабад ісіне" қатысты пікірін білдірді 


Қырғызстанның үкімет басшысы Ақылбек Жапаров 3 қаңтарда мемлекеттік "Кабар" агенттігіне берген сұқбатында Кемпірабад су қоймасы маңындағы жерлерді Өзбекстанға беру жөніндегі келісімге қатысты пікірін білдірді. 

Оның пікірінше, бұл тақырып "кейбір азаматтар үшін ел арасына іріткі салып, билікке келу мақсатында шу шығарып отыр".

"Билік қандай шешім қабылдаса да, ел мүддесі үшін қабылдайды. Бұл жерде Кемпірабад ісін пайдаланып, ел арасына іріткі салғысы келетін үшінші күш бар", - деді Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 29 қарашада қырғыз-өзбек шекарасына қатысты келісімге, оның ішінде Кемпірабад су қоймасын бірлесіп басқару жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған.

Бұл заң қырғыз парламентінде үлкен даумен қабылданған. Осыдан кейін елдің бірқатар белсенділері мен саясаткерлері Кемпірабад су қоймасын қорғау жөнінде штаб құрған. Артынша 30-ға жуық адам ұсталып, олардың үстінен "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG