Ссылки доступа

Назарбаевтың Астанадағы бір резиденциясы "Қазақмыс" корпорациясына өтті


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы резиденцияларының бірі "Қазақмыс" корпорациясының иелігіне өткен. Жылжымайтын мүлік астананың Есіл ауданында орналасқан.

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) дерегінше, 213201351753 кадастр нөмірімен тіркелген резиденцияға қазір "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік етеді. Назарбаев резиденцияға "Жылжымайтын мүліктерді басқару жөніндегі дирекция" компаниясы мен "Елбасы қоры" арқылы иелік еткен. Құқық иесінің қашан және қандай шартпен ауысқаны белгісіз.

8 жыл бұрынғы ресми құжаттарда бұл аумақ Қазақстан президентінің астанадағы "Нұра" резиденциясы деп аталған. Мемлекет меншігіндегі мүлік белгісіз жолмен жеке меншікке өткен.

"Қазақмыс корпорациясы" - Қазақстанның орталығы мен оңтүстігіндегі кеніштерге, барлау, кен байыту, машина жасау орындарына иелік ететін мекемелердің басын құрайтын аса ірі жекеменшік холдинг. Оған Forbes журналының "Қазақстандағы ең бай кәсіпкері – 2022" рейтингінде 1-орында тұрған Владимир Ким (70%) мен 14-орындағы Эдуард Огай (30%) иелік етеді. Екеуі де та экс-президентке жақын адамдар. Protenge жобасының жазуынша, "Қазақмыстың" кейінгі 4 жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қорларына 79,4 миллиард теңге қаражат бөлген.

Былтыр маусымда шыққан журналистік зерттеуде Азаттық радиосы жоғарыда айтылған жылжымайтын мүліктің түпкі иесі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев екенін көрсеткен. Материалда Назарбаевтар әулетінің Астанадағы жасанды Жасыл арал мен оның айналасындағы жер учаскелері мен сарайларды қалай иеленіп отырғаны баяндалады.

БМЖМК сайтында Қазақстандағы жылжымайтын мүліктерге иелік ететін заңды тұлғалар туралы ақпарат бар. "Қазақмыс корпорациясына" өткен мүліктің іргесіндегі екінші үй қазір "Демеу қоры" деп аталатын жеке қордың иелігінде. "Демеу қорының" жалғыз құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған дейін жылжымайтын мүлікке "Елбасы қоры" арқылы иелік еткен.

Азаттық радиосы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулетінің шетелдегі, Алматыдағы және Астанадағы жылжымайтын мүліктерін зерттеген. Оның ішінде әуелі мемлекет балансында болып, кейін жекеге өткен мүліктерді иемдену схемасы да әшкере болған.

Қазақстанда билікте отыз жылдай отырған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кетіп, орнын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген. Бірақ 2022 жылдың қаңтарына дейін саясаттан кетпей, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, "Нұр Отан" партиясы төрағасы қызметтері арқылы билікке ықпалын жүргізіп келді. Қаңтардан кейін оның заң жүзіндегі құзіреті әлсіреп, маусымда республикалық референдумнан кейін "елбасы", "тұңғыш президент" атақтары конституциядан алынды. Қазақстан парламенті оған ерекше иммунитет беріп тұрған "Тұңғыш президент туралы" заңның күшін жоюды қарап жатыр. Назарбаев пен оның әулеті биліктен кетсе де, ірі көлемдегі байлыққа иелік етіп отыр.

OCCRP журналистік зерттеу ұйымы биыл қаңтарда Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты төрт қайырымдылық қоры ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) жайлы зерттеу жариялап, Назарбаев қорларына тиесілі активтерде кемі 7,8 миллиард доллар барын анықтаған. Бұрынғы президент әулетінің бірнеше мүшесі Forbes журналы түзген Қазақстандағы ең ауқатты адамдар тізімінде.

XS
SM
MD
LG