Ссылки доступа

Ресми Бішкек: Қырғыз азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ


Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 5 қаңтарда мәлімдеме жариялап, қырғыз азаматтарының Қазақстандағы Қаңтар қырғынына еш қатысы жоғын мәлімдеді. 

5 қаңтарда күндіз Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов мәжіліс отырысында "Қаңтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтарынан бөлек, Қырғызстан азаматтары да бар" деген еді.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі бейсенбі күнгі мәлімдемесінде "қырғыз азаматтарының Қазақстандағы қайғылы оқиғаға қатысы барын түбегейі түрде" терістеген.

"Дегенмен жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу аясында Қырғызстанның екі азаматы жауапқа тартылып, шартты жаза алған. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес жағдайларға байланысты жекелеген эпизодтарға кездейсоқ араласқан" деп жазылған Қырғызстан СІМ мәлімдемесінде.

Министрлік "Қырғызстанның өзге азаматтарының да кінәсі дәлелденбегенін" жазып "Қырғызстанның бірде-бір азаматы Қазақстандағы митиңтерге, жаппай бүлікке не тонауға қатысқан жоқ" деп жазды.

Қырғызстан СІМ хабарлауынша, 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстаннан 600-ден астам қырғыз азаматы эвакуацияланған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам өлген. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылғаны айтылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған. Олардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат жоқ.

Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның күштік құрылым өкілдерінің қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны белгілі болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен ол босатылып, Бішкекке жеткізілген. Кейін ол жақта оған ауруханада операция жасалды. Викрам Рузахунов Қазақстанның күштік құрылымдарының өзін азаптағанын мәлімдеген. Оны "азаптау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бұған дейін бір тоқтатылып, қыркүйекте қайта жанданған. Бұған дейін музыкант Қазақстаннан өтемақы талап ететінін мәлімдеген.

Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Нәтижесінде музыканттың денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.

XS
SM
MD
LG