Ссылки доступа

Қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында белсенділер ұсталғаны хабарланды


"АктивистыНеЭкстремисты" тобының ақпараты бойынша, 5 қаңтарда Алматыда полицейлер белсенді Бибігүл Жоламанова ұстап, Наурызбай ауданы полиция басқармасына әкеткен. 

Бұған қоса Алматыда белсенді Айдар Мүбараков та ұсталған. Ал полиция белсенді Сағат Құлжаханованы ҰҚК изоляторында отырған ұлына керек-жарақ апармақ болып үйінен шыққанда әкеткен.

Сондай-ақ журналист, Youtube желісіндегі ND каналының авторы Думан Мұхамедкәрімді де полиция ұстап, кейін босатқаны хабарланды.

Белсенділер Нұртай Шегебекұлы, Нинагүл Жұманиязова, Күлбаршын Ережепова мен Сағидолла Ақаевты полиция аңдығаны айтылды.

Полиция бұл ақпараттарға қатысты пікір білдірмеді. Азаттық Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласқанымен, тұтқаны көтермеді. Тілшілеріміз мессенджер арқылы сауалдар жіберді, бірақ әзірге жауап келген жоқ.

5 қаңтарда Ақтауда полицейлер құқық қорғаушы Ұлболсын Тұрдиеваның үйіне келіп, әкімшілік іс бойынша сотқа баруды талап еткен. Ол полиция келген сәттің видеосын Facebook желісіне жариялады. Маңғыстау облысы полиция басқармасы Тұрдиеваның үйіне полицейлер барғанына қатысты еш ақпарат таратпады.

"АктивистыНеЭкстремисты" тобы мәліметінше, Шымкентте полиция Қаңтар оқиғасынын соң сотталған азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаевтың үйіне келіп, әйелі Мөлдір Нұрановамен сөйлескен. Азаматтық белсенді Гүлдан Мұратбаеваның анасына да полиция барғаны хабарланды. Шымкент қаласы полиция департаменті бұл ақпараттарға қатысты ештеңе айтпады.

5 қаңтар таңертең Алматыда полиция тіркелмеген "Демпартияның" өкілдері Гүлнар Мирмамбетов, Аружан Дүйсебаева және Абзал Достияровты ұсталғаны хабарланды.

Былтыр қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған бейбіт митинг кейін елде жаппай тәртіпсіздікке ұласқан еді. Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 219 бейбіт тұрғын, 19 күштік құрылым өкілдері қаза болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болғанын", тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар "шетелде дайындықтан өткен террористер" болғанын айтқан. Қазақстан басшысы ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, елге осы ұйымның әскерін кіргізді және орган өкілдер мен әскерге ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Астана Қаңтар оқиғасын "бір жақты тергеді" деп мәлімдеме жасаған. Ұйым жүздеген бейбіт адам қаза тапса да тек бір әскеридің ғана жазаланғанына назар аударған.

Қазақстан тарабы ұйымның бұл мәлімдемесімен келіспей, "оқиға барынша ашық тергеліп жатыр" деген.

XS
SM
MD
LG