Ссылки доступа

"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында тағы бір жұмысшы қаза болды


5 қаңтарда "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны аумағында бір жұмысшыны тоқ соғып, қаза болды, деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

Қарағанды облысы полиция департаменті "АрселорМиттал Теміртауға" еншілес ұйым жұмысшысының өліміне қатысты "еңбекті қорғау ережесін бұзу" (156-бап, 3-бөлігі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға №2 цехтың химиялық тазарту блогында болған. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде еншілес компанияның жұмысшысын тоқ соққан. Ер адам есін жимай көз жұмған.

"АрселорМиттал Теміртауға" еншілес "Мартенстрой" ЖШС марқұмның отбасына көңіл айтып, қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын хабарлады. "Компания оқиғаның себебін анықтау үшін мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істейді" деп жазылған компания хабарламасында.

Кейінгі кезде "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарында адам өлімі жиіледі. Былтыр қараша басында компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болды. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түсті: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шахтаның жұмысы бір күнге тоқтатылды. 8 желтоқсанда АМТ кәсіпорнында тағы бір жұмысшының қаза болғаны хабарланды. Желтоқсан ортасында бас прокуратураның АМТ қызметін тексеріп жатқаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG