Ссылки доступа

Сот Арман Жұмагелдиевтің қамау мерзімін екі айға ұзартты


Сот Қаңтар оқиғасы кезінде "қылмыстық топ құрды" деп айыпталып, қамалған Арман Жұмагелдиевтің ("Дикий Арман" деген лақап атпен де мәлім – ред.) қамау мерзімін 7 наурызға дейін ұзартты. Бұл жөнінде Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың хабарлауынша, Алматы тергеу соты "қылмыстық іспен танысу кезеңінде" тергеу органдарының Жұмагелдиевтің қамау мерзімін созу жөнінде өтінішін орындаған.

Бұған дейін кей адвокаттар Жұмагелдиевтің ісіне қатысты тергеу аяқталғанын хабарлаған еді.

37 жастағы Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда қамауға алынған. Оған "заңсыз қару сақтады", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті" және "қарақшылықпен шұғылданды" деген айыптар тағылған. Жұмагелдиев бұл айыптарды мойындамайды.

Бір күн бұрын Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов мәжілістегі баяндамасында Қаңтар кезінде Арман Жұмагелдиевтің "тәртіпсіздікті ұйымдастырғанын", оған Алматы мәслихатының экс-депутаты, сонымен бірге қылмыстық топ мүшелері "көмектескенін" айтқан.

"Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды" деген еді Асылов.

Желтоқсан ортасында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген адвокаты Евгений Яворский бас прокурорды "Арман Жұмагелдиевтің құқығын бұзды" деп айыптаған еді. Адвокаттың сөзінше, бас прокурор Берік Асылов Арман Жұмагелдиевті сот үкімі шықпай жатып және жасамаған қылмысы үшін айыпты етіп көрсеткен.

- Бас прокурор ешкімнің атын атамай сөйлесе бір жөн, бірақ ол Арман Жұмагелдиевті атап айтып, сот үкімінсіз-ақ кінәлі етіп қойды, - деген еді сол кезде адвокат.

2022 жылы Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам қаза болған. Бұған дейін бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты сот пен тергеулер аяқталып келе жатқанын мәлімдеген. Алайда сарапшылар Қаңтар шындығының басты сұрақтарына әлі жауап берілген жоқ деп санайды.

XS
SM
MD
LG