Ссылки доступа

Өзбекстанда шәрбат ішкен балалар өліміне байланысты төрт адам қамауға алынды


Өзбекстанда үнділік Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатын ішіп, қайтыс болған 19 баланың өліміне байланысты істе төрт адам қамауға алынды. Бұл жөнінде 6 қаңтарда Өзбекстан қауіпсіздік қызметі хабарлады. 

Екі күдікті – дәрі-дәрмек стандарты жөніндегі ғылыми орталықтың жауапты қызметкерлері. Олар "Док-1 Макс" дәрісін зертханадан өткізу кезінде өрескел ереже бұзды деген күдікке ілінген. Шәрбатты елге импорттаған Quramax Mediсal компаниясының қызметкері де қамауға алынған.

Желтоқсанда Өзбекстан елдің барлық дәріханаларында Marion Biotech өнімдерін сатуды тоқтатқан. Мұндай шешім Самарқандағы балалар ауруханасында "Док-1 Макс" дәрісін ішкен пациенттер өлімінен кейін қабылданған. Балалар өлімі Қашқадария облысында да тіркелген.

Өзбекстандағы балалар өлімінен кейін көрші Қырғызстан да "Док-1 Макс" дәрісін сатуды тоқтатқан. Үлгілері орталық бақылау-талдау зертханасына жіберілген.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі аталған препараттың елде тіркелмегенін, тіркеу мерзімі 2018 жылы өтіп кеткенін айтты.

Үндінің дәрі-дәрмекті реттеуші органы 29 желтоқсанда Marion Biotech зауытында тексеру жүріп жатқанын хабарлаған. Компанияның ресми өкілі "Док-1 Макс" шәрбатын өндіру тоқтатылғанын хабарлады.

Нұсқаулықта өндіруші дәріні 2 жастан бастап балаларға және ересектерге тағайындауға болатынын жазған. Рецептісіз босатылады.

XS
SM
MD
LG