Ссылки доступа

Қырғызстанда "Дордой-Диқан" базарының саудагерлері митингіге шықты


Бішкек қаласында "Дордой-Диқан" базарының бірнеше жүз кәсіпкері электронды жүк құжатына қарсы митингіге шықты.

Мәліметті Азаттықтың Қырғыз қызметіне Мемлекеттік салық қызметі растады.

"Дордой-Диқан" саудагерлерінің пікірінше, үкімет "базарларды жоюды көздеп отыр". Ал салық қызметіндегілер болса кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Митинг туралы естіген әріптестеріміз кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2022 жылы біз салық төлеушілерге электронды жүк құжатының артықшылығын түсіндірдік. Бұл жүйемен жұмыс істеу үшін Салық қызметінің сайтында тіркелу қажет. Кәсіпкерлердің кейбірі мұндай жаңалық поштаға кеткен шығынды азайтады деп есептейді. Жаңа әдіс енгізілген уақытта оған көңілі толмайтындар болатыны анық", - дейді салық қызметінің баспасөз хатшысы Еркін Сазықов.

Қызмет мәліметінше, электронды жүйеге 14 мыңға жуық кәсіпкер тіркеліп үлгерген.

"Дордой-Диқан" базары әкімшілігімен хабарласу әзірге мүмкін болмай отыр.

Былтыр қаңтар айының аяғында Бішкек, Тоқмақ және Қант қаласындағы саудагерлер Үкімет үйі ғимаратының алдында митинг өткізген. Сол кезде кәсіпкерлер касса аппараттарын енгізуге қарсы шыққан. Соған қарамастан мұндай талап 2022 жылы күшіне енген.

XS
SM
MD
LG