Ссылки доступа

БҰҰ Иран билігінен белсенділерді өлім жазасына кесуді доғаруды талап етті


Біріккен Ұлттар Ұйымы Иран билігінен күзгі наразылық акциясына қатысушыларды өлім жазасына кесуді доғаруды тағы талап етті. Батыс елдері де Теһранның мұндай саясатын сынады.

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы Иранда наразылық кезінде ұсталған Мохаммад Гобадлу мен Мохаммад Боруғанидің өлім жазасына кесілгеніне алаңдап отыр. Оларға шығарылған жаза жақында орындалады. БҰҰ Иран билігіне жолдаған үндеуінде адамдарды өлім жазасына кесуді тез арада доғаруды талап етті.

БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің мәлімдеуінше, өлім жазасы өмір сүру құқығына қайшы. "Біз өлім жазасына қарсымыз. БҰҰ адам құқықтары жөнінбегі басқармадағы әріптестерімізге қосыламыз және кісі өлтіруді тез арада доғаруды талап етеміз", - деді ол.

Германия канцлері Олаф Шольц дүйсенбі күні Иран билігінің наразылыққа қатысқандарды өлім жазасына кесу саясатын "сұмдық" деп сипаттап, "иран билігі жазаның мұндай түрін қуғын-сүргін құралы ретінде пайдаланады" деп мәлімдеді. Канцлер Иран билігіне өлім жазасын орындаудан бас тартуға, негізгіз ұсталғандарды тез арада босатуға кеңес берді.

Кейінгі бір айда Иранда төрт адам наразылыққа шыққаны үшін өлім жазасына кесілген.

Франция, Ұлыбритания, Канада биліктері де Иран билігінің әрекетін сынап отыр. Азаттықтың Иран қызметінің хабарлауынша, Еуроодақ елдері Иранға қарсы төрт түрлі санкция пакетін қабылдауды қолға алған.

Иранда екі айға созылған наразылықта 300-ден астам адам мерт болып, 15 мыңға жуық адам ұсталды. Iran Human Rights (IHR) ұйымының хабарлауынша, Иранда кем дегенде 100 адам үкіметке қарсы наразылыққа шыққаны үшін өлім жазасына кесілген немесе осындай жаза күтіп отыр.

XS
SM
MD
LG