Тәжікстан азаматтары Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусовты 2021 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек аудандық соты өмірлік түрме жазасына кескен. Сот оларды "бейбітшілікке қарсы қылмыс жасады", "қарақшылықпен айналысты" деп таныған. Кейін сот жазаны жұмсарып, өмірлік түрме жазасын 20 жыл колонияда отыру жазасына алмастырған.
Былтырғы маусым айында Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусовты жазасын отанында өтеу үшін Худжандқа жеткізген. Қазір олар Яван колониясында отыр.
Тәжікстан Жоғарғы сотындағы дереккөз биыл 12 қаңтарда Озоди радиосына Абдукаххоров пен Юнусовтың үкімді жою туралы арызы қаралып жатқанын айтқан. "Олар ешқандай қылмыс жасамағанын айтып, еркіндікке шығаруын сұраған", дейді дереккөз.
Абдурозик Абдукаххоров пен Асқар Юнусов 2021 жылғы көктемге дейін Борбоддук қырғыз ауылында тұрған. Олардың үйлері орналасқан көшенің екінші беті тәжік аумағына жатады. Бұл екеуі 2021 жылғы 28-29 сәуірде тәжік-қырғыз шекарасындағы қарулы қақтығыстан кейін ұсталған.