Ссылки доступа

Қазақстанда заңсыз қару саудасын ұйымдастырған полиция қызметкерлері сотталды


Қазақстанда полицияның бірнеше қызметкері заңсыз қару саудасын ұйымдастырды деген айыппен сотталды, деп хабарлады арнайы қызмет.

"Құқық қорғау органдарының қолданылған қару-жарақ саудасымен айналысқан қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот процесі аяқталды", - деп мәлімдеді дүйсенбі күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

"Ішкі істер органдарының қазіргі және бұрынғы қызметкерлерінің қолданылған қару саудасының жолын кесуді көздеген" арнайы операцияның алғашқы кезеңі Алматы қаласы мен Алматы облысында 2021 жылғы желтоқсанда өткізілген. Сол кезде "қару саудасын ұйымдастырушы" мен оған көмектескендер ұсталған. ҰҚК мәліметінше, қару ұрлығын ІІМ қарасты "Оңтүстік" әскери және арнайы құрал-жабдықтар базасы" мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары ұйымдастырған. Олар қолданыстан шығарылатын қару-жарақ пен жарылғыш заттар жойылды деп жалған есеп беріп, шын мәнінде оларды сатқан.

Қылмысқа Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы полиция департаменттерінің қызметкерлері қатысқаны айтылды. Комитет мәліметінше, қару-жарақ полицияның бұрынғы қызметкерлеріне, "қылмыс әлемінің, деструктивті діни ағым өкілдеріне" сатылған.

Арнайы операция барысында 347 дана қару, 13 жарылғыш және 7387 оқ-дәрі тәркіленді, деп мәлімдеді ҰҚК.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен кінәлілер екі жылдан бес жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айрылған. Сотталғандарды аты-жөні хабарланбады. Қауіпсіздік органдарының бірқатар жетекшісі "қызметіне салақ қарағаны үшін" жұмыстан шығарылған.

XS
SM
MD
LG