Ссылки доступа

Оштағы кісі өлімі: қылмыс әлемінің дөкейі Қадыр Досонов 5 наурызға дейін қамалды


Қырғызстанда "Женго" лақап атымен танылған қылмыс әлемінің дөкейі Қадыр Досонов ауыр қылмыс ұйымдастырды деген күдікпен Ош қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне Ош милициясы растады.

Құқық қорғау органының мәліметінше, қылмыс әлемінің дөкейі 2023 жылдың 15 наурызына дейін тергеу изоляторында отырады.

"Сот Досоновты қамау жөнінде шешім қабылдады. Ұсталған қалған күдіктілерге қатысты бұлтартпас шарасы бүгін шешіледі", - дейді ішкі істер департаментіндегілер.

13 қаңтарға қараған түні Ош орталығында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері арасында жанжал болып, соның салдарынан бір адам өлген, тағы бір адам аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Қылмыс ұйымдастырды деген күдікпен Қадыр Досонов ұсталды. Қылмыстық іс аясында тағы төрт күдікті қолға түскені мәлім.

Қадыр Досонов бірнеше мәрте сотталған. Алғаш рет оны 2011 жылы іздестірген. Бір жылдан соң Досонов Тәжікстанда ұсталған. Қырғызстанда ол адам ұрлады, есірткі сатты, қарақшылық жасады деп айыпталған. Алайда Ош қалалық соты оны ақтап шыққан. 2013 жылы Досонов тағы ұсталған, бірақ 2014 жылдың басында үйқамаққа босатылған.

2015 жылы оны үшінші мәрте іздеуге берді. Бұл жолы Досоновқа милиция полковнигі Толқынбек Шоноевті өлтіруге тапсырыс берді деген айып тағылды. 2017 жылы Жоғарғы сот оны ақтап шықты.

ІІМ мәліметінше, Қырғызстанда ұйымдасқан қылмыстық топтардың 1177 мүшесі есепте тұр. 2022 жылы Numbeo серб басылымы қылмыс деңгейі рейтингінде Қырғызстанды әлемнің 142 мемлекеті арасында 36-орынға қойған.

XS
SM
MD
LG