Ссылки доступа

Ақсайда KKS-Sicim жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп ереуілге шықты


Kazakhstan - Map of West Kazakhstan Region.
Kazakhstan - Map of West Kazakhstan Region.

Бүгін, 16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы Қарашығанақ кен орнында KKS-Sicim жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары таңғы сағат алтыдан бері жалақыны елу пайыз көбейтуді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты.

Наразылық акциясы әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Азаттыққа жұмысшылар хабарлады.

Аты-жөнін жарияласа жұмыстан шығып қаламын деп қауіптенген жұмысшылардың бірі қазір бірнеше жүз жұмысшы бірін-бірі кезек алмастырып ереуілде тұрғанын айтты. Олар бұл мәселе былтыр да көтерілгенін, бірақ ол кезде жалақыға он пайыз үстеме қосқанын айтады.

- Біз таңғы сағат алтыға жақын жұмысқа алып келе жатқан автобустан түстік те, компания алдында ішке кірместен наразылықты бастап кеттік. Жалақымыз түкке жетпейді, өзіміз бірнеше апта ауысыммен істейміз. Бірі 14 күн, енді бірі үш апта жұмыста жүр. Жалақымызға 50 пайыз қоссын деген ғана талабымыз бар, басқа ештеңе сұрамаймыз, - дейді жұмысшы.

Аты-жөнін атамауды жөн көрген тағы бір жұмысшы наразылыққа бүгінгі ауысымда жұмыс істейтіндердің барлығы шыққанын айтты. Компания жұмысы қазір тоқтап тұр. Олардың жалақысы қызметі мен категориясына байланысты әртүрлі – орташа есеппен айлық көлемі 180 мың теңге мен 250 мың теңге шамасында.

Әр жұмысшының 1 сағаты 824 теңгеден есептеледі.

Осы уақытқа дейін жұмысшыларға компания басшылығының өкілі, аумақтық мемлекеттік еңбек инспекторы, Ақсай қаласының прокуроры және қала әкімінің орынбасары барған. Олар жұмысшыларға жалақыға ақпан айынан бастап 20 пайыз үстеме қосылатынын айтқан.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жұмысшылармен кездескен компанияның кадрлар бөлімінің менеджері ұжымдық шартқа сәйкес, жалақы ақпанда 20 пайыз өсетінін, онымен жұмысшылар алдын ала танысқанын, бірақ 50 пайыз көбейтуді талап ету заңсыз екенін айтқан кезде жұмысшылардың "50, 50!" деп айқайға басқаны көрінді. Жұмысшылардың азық-түліктің қымбаттап бара жатқанын айтып, жалақыны қаңтардан бастап көтеруді талап еткені де естіледі.

– Бізбен сөйлесуге келген шенеуніктер компания кеңсесіне кіріп кетті. Сөйлесіп жатыр. Талабымызды орындағанша тұрамыз. Әзірге айналада тек екі патруль полициясы тұр, бір учаскелік полиция инспекторы да бар, – деді жұмысшы.

Жұмысшылар компанияның негізгі кеңсесі – Атыраудағы Қарабатаннан SICIM компаниясының басшылығы келе жатыр, шешімді сол шығарады деген хабар тарап жатқанын, бірақ бұл қаншалықты рас ақпарат белгісіз екенін жеткізді.

KKS-Sicim – италиялық SICIM және қазақстандық КазКомСервис компанияларының бірлескен мекемесі. Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясының мердігері KKS-Sicim компаниясы газ және мұнай магистралды құбыр желісін салумен айналысады.

XS
SM
MD
LG