Ссылки доступа

Қырғызстан қолма-қол долларды сыртқа шығаруға уақытша тыйым салды


Қырғыз үкіметі қолма-қол долларды Қырғызстаннан сыртқа шығаруға уақытша тыйым салды.

Мәліметке қарағанда, резидент еместер мен шетел азаматтары 5 мың доллар, ал резиденттер мен қырғыз азаматтары 10 мың доллардан артық қолма-қол ақшаны сыртқа шығара алмайды.

Үкімет мәліметінше, резиденттер мен Қырғызстан азаматтары 10 мың доллардан асатын қолма-қол ақшаны шетелге шығарғысы келсе, онда 10 пайыз көлемінде төлем төлейді. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен Мемлекеттік кеден қызметіне "қол-қол доллардың сыртқа шығуын тежеуді көздейтін шаралар қолдану" тапсырылған.

Кейінгі екі жылда Қырғызстанда доллар бағамы шамамен 85 сом деңгейінде сақталды, бірақ Ресей Украинаға басып кірген уақытта бағам бірден өзгерді. Соғыстың алғашқы екі аптасында доллар 20 сомға қымбаттап, 106 сомға жетті. Одан соң қайта арзандады. Кейінгі апталарда ресми бағам шамамен 85,6 сом деңгейінде сақталды.

2022 жылдың аяғында депутат Жүсіпбек Қорғонбай уулу Қырғызстанда қолма-қол доллар жетіспей жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, спекулянттар Ресей валютасын көптеп әкеліп, республикадан долларды Түркияға, Ресейге, Қытайға және басқа да елдерге шығарып жүр.

Қырғызстан Ұлттық банкінің төрағасы Құбанычбек Боконтаев Жогорку Кеңештің бір отырысында адамдар долларды Ресейге қаппен тасып жатқанын айтқан. Долларды Ресейге тасушылар көбейгенін үкімет басшысы Ақылбек Жапаров та растаған.

XS
SM
MD
LG