Ссылки доступа

Қырғызстанның қашқындағы экс-президентінің әйелі қайтыс болды 


Қырғызстанның қашқындағы бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің әйелі Назгүл Толомушованың қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Азаттықтың қырғыз қызметінің бірнеше сенімді дереккөзі растады. 

47 жастағы Назгүл Толомушова Минскіде ұзаққа созылған сырқатынан қайтыс болған. Оны туған жері Жалалабад облысы Казарман ауылына жерлемек. Құрманбек Бакиев жерлеу рәсіміне келе ме, жоқ па, белгісіз.

Марқұмның туыстарының айтуынша, оның сүйегі туған жеріне жеткізілген. Қазір Толомушованың Тогуз-Тороу ауданындағы әке-шешесінің үйінде киіз үй тігілген екен.

2016 жылы Назгүл Толомушова Беларусь президентінің іс басқармасына тиесілі "Отель Минск" қонақ үйінің директоры болып тағайындалған. Ол Қырғызстаннан шығатын "Айат" газетіне сұқбат беріп, 1995 жылдан бері Құрманбек Бакиевпен бірге тұратынын, отбасында екі баласы бар екенін айтқан.

Құрманбек Бакиев 2005 жылы наурыз революциясынан кейін билікке келген. 2010 жылдың сәуір айында халық көтерілісінен кейін Беларусьқа қашып, сол жақтан босқын мәртебесін алған. Сәуір оқиғасы кезінде кемінде 90 адам қайтыс болды.

Қырғызстанда Құрманбек Бакиев сырттай 30 жылға сотталған. Оның кіші інісі, президент күзетінің басшысы Жаныш Бакиев пен кіші ұлы Максим өмір бойы бас бостандығынан айырылса, үлкен ұлы Марат 30 жылға сырттай сотталған.

XS
SM
MD
LG