Ссылки доступа

Алматы соты Мамайды британдық комиссия мүшелерімен кездесуге тыйым салды 


Алматы соты тіркелмеген Демократиялық партия лидері Жанболат Мамайдың британ депутаттарымен кездесуіне тыйым салды. Сот бұл шешімді үйқамаққа байланысты шектеумен түсіндірген. 

Бұл туралы белсендінің әйелі Инга Иманбай Фейсбук парақшасына жазды.

Оның сөзінше, сейсенбі күні болған сот отырысы кезінде адвокат сотталушыны Қаңтар оқиғасын және Жанболат Мамай ісін зерттеу мақсатында келген британдық комиссия мүшелерімен жолықтыруды сұраған. Комиссияны британ парламенті жіберген. Бірақ судья Елена Кван Мамай үйқамақта болуына байланысты жақын туыстары және адвокаттарынан басқа ешкіммен кездесе алмайтынын айтып, өтінішті кері қайтарған.

Мамай жақын күндері комиссия мүшелерімен кездесе алмайды. Адвокаттың сөзінше, сот шешімі шағымдануға жатпайды.

Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасы кезінде митингіге қатысқан. Ол былтыр ақпан айында қамауға алынған. Оған рұқсат етілмеген митингті ұйымдастырды деген айып тағылды. Мамай өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Жанболат Мамай 2022 жылдың 2 қарашасында үйқамаққа шығарылды. Ол "заңсыз митинг ұйымдастырды, ақпарат құралдары арқылы билік өкілдері жайлы жалған ақпарат таратты" деп айыпталып жатыр.

Freedom House және бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары Мамайды босатуды талап етіп келеді.

XS
SM
MD
LG