Ссылки доступа

СІМ: Мьянмада құлдықта болған қазақстандықтар елге оралды


Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мьянмада құлдыққа түсіп қалған екі қазақстандық қашып шыққан.

Министрлік мәліметінше, олар Катар арқылы Қазақстанға оралған.

"Жергілікті бір тұрғын оларға шекарадан өтуге көмектескен. Сол үшін ақы алған. Мәлімет бізге жеткен соң оларға қауіпсіз жерде отыруға кеңес беріп, оларға халықаралық үкіметтік емес ұйымның қызметкерлерін жібердік. Олар екі азаматты қаладан шығарып, қонақ үйде жасырды. Біздің консул түнде автокөлікпен барып, оларды Бангкокқа жеткізді", - деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың ұлттық төлқұжаты бары, бірақ тай визасының мерзімі бітіп қалғаны анықталды. Мұндай жағдайда оларды Таиландтан депортациялайды.

Смадияровтың мәлімдеуінше, құжат мәселесі Таиланд билігімен бір тәулікте шешілді. Катар арқылы билет алынып, қазақстандықтар Алматыға ұшып келді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 25 жастағы Исламбек Қазбековтің жоғалып кеткені қаңтардың басында мәлім болған, ал 23 жастағы Жарастың тегі айтылмады.

Мәліметтерге қарағанда, Исламбек пен Жарас Дубайға жұмыс істеуге кетіп, сол күйі іс-түссіз жоғалған. Туыстары олар Мьянмада ауыр есірткі өндіретін "алтын үшбұрышта" құлдыққа түсіп қалуы мүмкін деп топшылаған.

Өткен аптада Айбек Смадияров "онда біздің елдің басқа да азаматтары болуы мүмкін, бірақ мәліметті тексеру қиын екенін" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG