Ссылки доступа

Қырғыз медиа қауымдастығы мәдениет министрлігінен "Азаттыққа" қарсы арызын қайтарып алуды талап етіп жатыр 


Қырғызстанның медиа қауымдастығы мәдениет министрлігінің "Азаттық Медиа" жұмысын тоқтату туралы сотқа берген арызына байланысты мәлімдеме жасады. 

"Медиа Полиси институты", "Журналистердің тәуелсіз одағы", "Журналистер" қоғамдық қоры, Журналистік зерттеу қоры және бірқатар тәуелсіз басылымдардың редакторлары мен журналистері биліктен "Азаттыққа" қарсы түсірген шағымын қайтарып алуды талап етті.

Мәлімдемеде "Жалған ақпараттан қорғану жөніндегі" заң аясында "Азаттық" сайтын бұғаттау о баста дұрыс болмағаны айтылған. Себебі, заң талаптарына сәйкес сайтты тек жеке немесе заңды тұлғалардың өтініші бойынша ғана бұғаттай алады.

"Мәдениет министрлігіне мұндай арыз түспеген. Министрлік өз бетімен шешім қабылдап отыр. Қазір министрліктің сотқа арызданушы ретінде өтініш түсіруінің өзі заңға қайшы. Оның үстіне әкімшілік істің қарауын күтпестен, "Азаттық Медианы" жабу туралы сотқа арызданып отыр. Бұл да заңға кереғар", - делінген мәлімдемеде.

Мәдениет министрлігі "Азаттыққа" қарсы сотқа шағымданған арызында қырғыз-тәжік қақтығысы бойынша видеоматериал әлеуметтік желілерден жойылмағанын көрсеткен. Арызданушының өтініші бойынша, "Азаттық Медианың" іс-әрекеті "Бұқаралық ақпрат құралдары туралы" заңның 23-бабына қайшы келеді. Бұл бапта соғысты, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті, ұлттық, діни және өзге ұлттарды жек көрушілікті насихаттауға жол берілмейді делінген.

"Мұндай ақпаратты "Азаттық Медиа" таратқан емес. Тек екі мемлекеттің ресми органдрының ресми ақпаратын жариялады. Шағымда бағдарлама жүргізушісі екі тараптың да пікірін алды деп көрсетілген. Мұндай жағдайда редакцияның іс-әрекеті "ақпарат жинаған кезде, барлық тараптың пікірі алынуы тиіс" делінетін нағыз кәсіби журналистік талапқа сәйкес келеді. Оның үстіне журналист тәжік билігінің таратқан ресми ақпаратын толық оқып берді. Бағдарламада берілген ақпараттың бәрі екі елдің ресми органдары таратқан мәліметтер", - делінген мәлімдемеде.

Медиа қауымдастық Қырғызстан мен Тәжікстан шекараларында болған қақтығыс кезінде, тәжік билігінің таратқан ақпараты қырғыз билігіне шұғыл түрде шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратқа қарсы әрекет етуіне себеп болды дейді. Бұл оқиғада да тәуелсіз БАҚ журналистік зерттеу жасап, халықаралық қауымдастыққа шынайы ақпарат жеткізіп отырғанын еске салды.

"Азаттық Медиа" мекемесін жабу сөз бостандығы мен БАҚ-тағы плюрализмге шектеу ғана қоймайды, азаматтарды ақпарат алу құқығынан айырады. Мәдениет министрлігі "Азаттық Медиаға" қарсы түсірген шағымын қайтарып алып, тәуелсіз медиаға қысымды доғаруы тиіс", - делінген мәлімдемеде.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Қырғызстанда сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медиа" сайтын жабу туралы шағым түсірілгеніне пікір білдірген. Флай Қырғызстандағы Азаттықтың жұмыс істеуі үшін корпорация барлық заңды жолды пайдаланатынын айтқан.

"Азаттық радиосы мен оның тәуелсіз репортаждарына жалғасып жатқан заңсыз шабуылдарды мойындамаймыз. Қырғызстан билігі қандай шара қолданса да, біз қырғыз аудиториясына қызмет ете береміз" деді Флай.

Бұған дейін Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Ленин аудандық сотына Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, талапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген. Сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG