Ссылки доступа

Азаттықтың Қырғыз қызметінің ҰҚМК әрекетіне шағымы сотта қаралып жатыр


Бішкек қалалық соты 26 қаңтарда "Азаттык Медианың" Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті әрекетіне түсірген шағымы бойынша аудандық сот шешіміне арызын қарады.

Сот барысында Азаттықтың Қырғыз қызметінің адвокаттары ІІМ тергеу тобының жетекшісі Ұлан Жәпековті шақырту жөнінде өтініш жасады. Жәпеков жүргізген қылмыстық іс аясында Азаттықтың банк есебі бұғатталған.

Адвокат Тимур Сұлтановтың айтуынша, қаржы полициясы Азаттықтың банк есебін ҰҚМК хаты негізінде бұғаттаған. Комитет қылмыстық іс барын жазған, бірақ Азаттықтың оған қандай қатысы барын түсіндірмеген. "Қандай қылмыстық іс екені, оның Азаттыққа қандай бары, заң мәртебесі белгісіз. Сол себепті ІІМ тергеушісі келіп, зерттеп жатқан істі түсіндірсін", - дейді адвокат.

Сот адвокат өтінішін қанағаттандырып, прокуратураға Ұлан Жәпековтің сотқа келуін қамтамасыз етуді тапсырды. Соттың келесі отырысы 2 ақпанға белгіленді.

Бұған дейін Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі Ленин аудандық сотына Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, талапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген. Сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG