Ссылки доступа

"Президент тапсырмасы": Қырғыз үкіметі биыл 50 шағын ГЭС тұрғызады


Қырғызстан үкіметі басшысының орынбасары Бақыт Торобаев "президент тапсырмасымен" биыл 50 шағын ГЭС салынады деп мәлімдеді.

Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, энергетика компаниялары құрылысқа қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі.

Бұған қоса, Торобаев қайта қалпына келетін қуат көздері жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды тездетуді тапсырып, уақыты өтіп кеткен жағдайда сертификаттар қайтарылатынын ескертті.

Шенеунік энергетика нысандары құрылысын жүзеге асыру жолдарын түсіндірмеді.

Қырғызстанда жылына 14-15 миллиард кВт/с электр қуаты өндіріледі. Үкімет мәліметінше, электр қуатына сұраныс жыл сайын артып келеді, сол себепті Тоқтоғүл қоймасындағы су азайып барады.

Бұның алдында үкімет Түркіменстан мен Қазақстан билігімен электр қуатын алуға келіскен. Қырғызстан билігі оның құнын төлеу үшін халықаралық донорлардан ірі көлемде несие алуды көздеп отыр.

8 қаңтарда президент Садыр Жапаров фейсбукте халықаралық қаржы институттарына үндеу жазды. Мемлекет басшысы бұл үндеуде Қырғызстанда 50 шағын және орта ГЭС құрылысы жүріп жатқанын айтты. Жапаровтың пікірінше, бұл аздық етеді, ал Қырғызстанның қуатты нысандар салуға әлеуеті жетеді. Сол себепті Жапаров шетелдер мен қаржы институттарына энергетика нысандары құрылысын салуға көмектесуге шақырды.

XS
SM
MD
LG