Ссылки доступа

Тәжікстан пияз, картоп және сәбіз экспортына тыйым салды


Тәжікстан үкіметі пияз, картоп жән сәбізді сыртқа шығаруға тыйым салды. Елде ауыл шаруашылығы өнімдері қымбаттап бара жатқан соң билік осындай шешім қабылдады.

Тәжікстан ауыл шаруашылығы министрі Құрбон Хакимзоданың мәлімдеуінше, экспортқа тыйым салу туралы шешім бір апта бұрын қабылданған. Қазір елде пияздың бір келісі 8-9 сомони, картоп 4-5 сомони, сәбіз 4-6 сомони тұрады. Тұрғындар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттап кеткеніне алаңдап отыр.

Министр пияз қымбаттағанын растап, Орталық Азияның басқа да елдерінде, Пәкістан мен Ауғанстанда да пияз қымбат екенін айтты. "Желтоқсанда біз пиязды Ауғанстанға экспорттаған уақытта баға бірден көтерілді", — дейді Хакимзода.

Тәжікстан тұрғындары пиязды көп тұтынады, оның қымбаттауын халық бірден сезеді.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр Тәжікстан 727 мың тонна пияз өндіруді жоспарлаған, бірақ 672 мың тонна ғана жиналған.

Шаруалардың айтуынша, ауа райы күрт суыған уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің бір бөлігі үсіп кетті, сол себепті баға әлі де көтеріле береді.

XS
SM
MD
LG