Ссылки доступа

Ауған қыздарын Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары қабылдап жатыр


Еуропа одағының стипендиясын алған бір топ ауған қызы Орталық Азиядағы елдеріндегі университеттерде оқуға келді.

"Талибан" үкіметі әйелдерге Ауғанстандағы жоғары оқу орындарында білім алуға тыйым салған. Сол себепті Еуропа одағы ондаған ауған қызының Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жоғару оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін жобасын қайта іске қосты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бес жылдық стипендия алған жүзден аса ауған қызы аймақ елдеріне келіп, оқуға дайындалып жатыр.

Жоба ауған әйелдеріне шетелде білім алуға, еліне білікті маман ретінде оралуға мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы кезеңінде 50 қыз Қазақстан мен Өзбекстанда 2025 жылға дейін оқуға стипендия алған.

Екінші кезеңіндегі іріктеу 2021 жылғы тамызда Кабулдағы билікті радикал тәліптер басып алардан бірнеше ай бұрын аяқталған. Саяси өзгеріс жобаға ғана емес, студент қыздардың болашағына қауіп төндірген.

Тәліптердің елдегі әйелдерге қатысты саясатына қарамастан, жобаны ұйымдастырушылар екінші кезеңде іріктеуден өткен 105 қызды Орталық Азияға жіберді.

Азаттықтың ақпарат көздерінің айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "тараптардың бәрімен келіссөз жүргізіп", ауған әйелдерінің елге келуі үшін көп тер төккен.

Жобаның жүзеге асырылуына жауапты БҰҰ даму қорының (UNDP) Қазақстандағы кеңсесі 27 қаңтарда Азаттыққа қазақ университеттері 50 ауған студентін оқуға қабылдайтынын, 30 әйел Өзбекстанға, 25-і Қырғызстанға жіберілетінін хабарлады.

Орталық Азияға келген ауған әйелдері оқуын 2027 жылы бітіреді.

Еуропа одағы жобаның бірінші және екінші кезеңіне 5.5 миллион доллар бөлген. Бағдарлама әрі қарай жалғаса ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG