Ссылки доступа

Бішкек соты Азаттық шағымын қанағаттандырмады 


Бішкек қалалық соты Азаттықтың қырғыз қызметінің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне (ҰҚМК) қарсы берген шағымын қанағаттандырмай, алдыңғы инстанция шешімін күшінде қалдырды. Сот шешімі 2 ақпанда шықты. 

22 желтоқсанда Бірінші май аудандық соты Азаттықтың ҰҚМК әрекетіне қарсы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

26 қаңтарда өткен сот отырысында судья Азаттық адвокаттарының тергеу тобының басшысы Ұлан Жапековтен сұрау алу туралы өтінішін қанағаттандырған. Алайда 2 ақпанда сотқа тергеуші келмеді. Бірақ сот алқасы тергеушінің қатысуынсыз отырысты жалғастыра беруді шешті.

Адвокат Тимур Султановтың айтуынша, сот қылмыстық іспен таныспай, тергеуші Жапековті тыңдамай шешім қабылдады.

"Егер сот тергеушіге сұрақ қоймаса, егер сот қылмыстық іспен таныс болмаса, Бішкек қалалық сотының алқасы қандай негізде шешім қабылдады? Сот қандай негізде ІІМ Бас тергеу басқармасының Азаттықтың есеп-шотын тоқтату туралы шешімі дұрыс дегенді қандай негізде қабылдағаны түсініксіз. Бұл нонсенс", - деді заңгер.

Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі 2022 жылғы 26 қазанда Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайттарын бұғаттау жөнінде шешім қабылдады. 31 қазанда мекеменің "Демирбанктегі" есебі ешқандай ескертусіз бұғатталды. 26 желтоқсанда Қырғызстан аумағындағы шектеу мерзімі ұзартылғаны мәлім болды.

23 қаңтарда Мәдениет министрлігі Азаттық қызметін тоқтату туралы шағым түсірді. Осы арызға қатысты сот отырысы 9 ақпанға белгіленді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Қырғызстанда сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медиа" сайтын жабу туралы шағым түсірілгеніне пікір білдірген. Флай Қырғызстандағы Азаттықтың жұмыс істеуі үшін корпорация барлық заңды жолды пайдаланатынын айтқан.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, жауапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп екені айтылады. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген.

XS
SM
MD
LG