Ссылки доступа

Қырғызстан мәдениет министрлігінің "Азаттық Медианы" жабу туралы арызына қатысты сот 20 ақпанға ауыстырылды


Қырғызстан мәдениет министрлігі Бішкектегі сот кеңсесіне арызданып, лингвистикалық сараптама тағайындауды, сотты кейінге қалдыруды сұрады.

Судья арызды қанағаттандырып, сот отырысын 20 ақпанға қалдырды. Министрлік өкілдері Ленин ауданындағы сот тыңдауына келген жоқ, деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Сотқа белсенділер де келді, солардың бірі — Ондуруш Тоқтонасыров басылымқа қарсы қысымды доғаруды талап етіп, сот ғимараты алдында пикет өткізді.

Жуырда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігі сотқа Азаттықтың Қырғыз қызметі – "Азаттык Медианың" ақпарат құралы ретіндегі жұмысын тоқтату туралы шағым түсірген.

Ақпарат министрлігінің шағымында сайт қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы видеоматериалды жоймағаны, ол әлеуметтік желіде таралып жатқаны айтылады. Министрліктің пайымдауынша, жауапкердің бұл әрекеті соғысты, зорлық пен қатыгездікті насихаттауға, діни және өзге ұлттарға қатысты төзімсіздікке жол жоқ екені айтылған "Бұқаралық ақпарат туралы" заңға қайшы.

Дауға былтыр Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген жаңалық сюжеті себеп екені айтылады. Мемлекеттік орган сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" деген. Былтыр қазанда сайт әуелі екі айға жабылды, кейін бұл мерзім ұзартылды. Бұдан кейін редакцияның банк шоттары бұғатталған.

Азаттық бұл шешімдерге келіспейтінін мәлімдеп, талап заңсыз екенін дәлелдеумен келеді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG