Ссылки доступа

WP: АҚШ Украинаға соғыстың шешуші мезгілі жеткенін ескертті 


АҚШ президентінің әкімшілігі Украина билігіне соғыстың шешуші кезеңге жеткенін, украин армиясы батыс елдерінен үлкен әскери көмек алып жатқанын, майдан алаңында барынша нәтижеге жетуі тиіс екенін ескерткен. 

Бұл жөнінде Washington Post басылымы дереккөзіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Алдағы айлар оңай болмайтынын қаңтар айында Киевке барған америкалық шенеуніктер де ескерткен.

Басылымға пікірін білдірген дереккөз Өкілдер палатасын бақылайтын республикашылдар Украинаға әскери көмекті қысқартуға ниетті екенін жеткізген.

Биыл жазда Украинаға берілетін көмек аяқталады. Осыдан кейін Киевке әрі қарай қолдау көрсету қиын болады. Қазір Байден әкімшілігі Украинаға тағы 10 млрд доллар бөлу үшін конгресспен жұмыс істеп жатыр. Бұл көмекті Ресейдің Украинаға шабуыл бастағанына бір жыл қарсаңында жариялауы мүмкін. Сол кезде Ресейге тағы қосымша санкциялар салынады деп күтіледі.

Газетке сұқбат берген Байден әкімшілігінің өкілі көктемге қарай Ресей шабуылға өтетінін, Украина тартып алынған жерлерін қайтару үшін қарсы шабуылға шығуы мүмкін екенін жеткізген.

Америкалық шенеуніктердің пікірінше, Украинаға бір мезетте Донецк облысындағы Бахмутты қорғап, әрі қарсы шабуылға шығу қиындау болуы мүмкін. "Егер Украина бір мезетте барлық жерде шабуылға шықса, бұл Мәскеуге тиімді болуы мүмкін" деген сұқбат беруші.

Бұдан бөлек америка барлауы Украина Ресей басып алған Қырымды қайтара алмайды деген шешімге келген.

Киев елінің тұтас жерін, оның ішінде аннексияланған Қырымды да қайтарып алуға ниетті.

Байден әкімшілігі Украина Ресеймен келіссөз жүргізбес бұрын барынша территориясын қайтарып алуы тиіс деп есептейді.

XS
SM
MD
LG