Ссылки доступа

Саясаткер Азимбек Бекназаров өзіне қарсы 12 бірдей іс қозғалғанын мәлімдеді 


15 ақпанда Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қырғызстанның Малайзиядағы бұрынғы елшісі Азимбек Бекназаровтың қамаудағы мерзімін екі айға – 20 сәуірге дейін ұзартты. 

Бекназаров сот залынан шығып бара жатып, өзіне қарсы 12 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

"Ол не істер екенін білмеймін. Маған танысуға мүмкіндік бермеді. Болғаны 12 іс екенін айтты", - деді Бекназаров.

Адвокат Эркин Булекбаев та Бекназаровқа қарсы 11 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп, бірақ қандай айыптар тағылып жатқанын білмейтінін айтты.

Сот 15 ақпандағы отырысында Ақыл Айтбаев пен Бектур Асановтың да қамаудағы мерзімін 20 сәуірге дейін ұзартты. Олар "Кемпірабад ісі" бойынша айыпталып жатыр.

Осыған дейін аталған сот шешімімен азаматтық белсенді Али Шабдан мен саясаткер Равшан Жээнбековтің қамаудағы мерзімі екі айға ұзартылған. Азаматтық белсенді, экс-депутат Орозайым Нарматова екі айға үй қамаққа босатылған.

Былтыр 23-28 қазанда Қырғызстанда оппозициялық бір топ саясаткер, құқық қорғаушы, белсенді және блогер, бәрі 26 адам жаппай қамалған.

Билік оларға қарсы "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды" деген айып таққан.

Қылмыстық іс қозғалуына олардың Кемпірабад су қоймасы бойынша 22 қазанда Бішкектегі кафелердің бірінде өткен жиналыс негіз болғанын хабарлаған.

Милиция күдіктілерге тағылған айып бойынша дәлелдер жеткілікті екенін мәлімдейді. Ал қамаудағылар саяси қуғын көріп жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG