Ссылки доступа

Бішкекте Азаттыққа қатысты екі сот кейінге қалды


17 ақпанда Бішкектің әкімшілік соты "Азаттық Медианың" Қырғызстан мәдениет, спорт және жастар саясаты жөніндегі министрлігінің басылым сайттарын бұғаттау шешіміне қарсы шағымын қарады.

Мәдениет министрлігінің өкілі судьядан сот отырысын суретке және видеоға түсіруге тыйым салуды сұрады. Судья өтінішті жартылай қанағаттандырып, соттың алғашқы 10 минутын ғана түсіруге рұқсат берді. "Азаттық" адвокаты Акмат Алагушевтің айтуынша, әкімшілік соттың баспасөз қызметі жоқ, сол себепті журналистер сот отырысынан хабар таратуы тиіс еді.

Бұған қоса, сот хатшылыққа Әділет министрлігінен "Настоящее время" телеарнасының құқықтық мәртебесін анықтауды тапсырды. Азаттық сайттарының бұғатталуына себеп болған видеосюжетті осы арна көрсеткен. Материал қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы жанжал кезінде дайындалған. Заңға сәйкес, мұндай өтініштің әділет министрлігінде қаралуына кем дегенде 14 күн қажет, соған байланысты судья сот отырысын 2 наурызға ауыстырды.

Мәдениет министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметінің сайттарын бұғаттау жөніндегі шешімді 2022 жылғы 26 қазанда қабылдаған. 26 желтоқсанда шектеу мерзімі ұзарғаны мәлім болды.

17 ақпанда Бішкектің 1-май аудандық сотында "Азаттық Медианың" мекеме есепшоттарын бұғаттауға негіз болған тергеуші шешіміне қарсы шағымы қаралды.

Азаттық қорғаушылары соттан ІІМ тергеушісі Ұлан Жәпеков әрекетінің қаншалықты заңды екенін тексеруді сұраған. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Жәпековтің сотқа келмеуіне байланысты арыздың сотта қаралуы 21 ақпанға шегерілді.

Судья Тілек Тұрдықұлов тергеуші Жәпековті соттың келесі отырысына келуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстандағы және дүниежүзіндегі қоғам өмірі және демократиялық құбылыстар туралы хабарларды объектив жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

XS
SM
MD
LG