Ссылки доступа

Қырғызстанда заңсыз басып алынған 546 га жерге рақымшылық жасалды


Қырғызстанда 2022 жылы жарияланған жер рақымшылығы аясында 546 гектар жер заңдастырылды. Жогорку Кеңештің 22 ақпанда отырысында сөйлеген ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Мұрат Раматов осындай дерек келтірді.

Шенеуніктің айтуынша, аудан әкімшіліктерінде құрылған арнайы комиссияларға 89 мыңнан астам өтініш түскен. Әзірге 12 441 техникалық құжат берілгені мәлім.

2021 жылғы 18 қарашада Бішкек шетіндегі елді мекендердің бірінің тұрғындары Үкімет үйі алдында наразылық акциясын өткізіп, жер телімдерін заңдастыруды талап еткен. Тұрғындармен кездескен президент Садыр Жапаров бұл мәселемен тиісті мамандар айналысып жатқанын, жерді заңдастыру ісі 2022 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын айтқан. Бұған қоса, мемлекет басшысы рақымшылықтан кейін де жер басып алғандар жауапқа тартылатынын ескерткен.

Жогорку Кеңеш былтыр 17 наурызда жер туралы жаңа заң қабылдап, бұл құжат 5 сәуірде күшіне енді. Заң 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін бой көтерген үйлерге ғана жүреді.

Әділет министрлігінің мәліметінше, жер рақымшылығы аясында 142 мың 337 жер телімі, яғни 29 мың 872 га жер заңдастырылады.

Қырғызстанда мыңдаған гектар жер құжаттарда егістік алқабы деп көрсетілгенімен, олардың үстіне елді мекендер түскен. Тұрғындардың дені жерді 2010 жылғы төңкерістен кейінгі дүрбелең заманда заңсыз басып алып, көбісі сатып жіберген.

XS
SM
MD
LG