Ссылки доступа

Дереккөз: Тәжікстанда тағы бір журналиске қарсы іс қозғалған 


Журналист Рустами Жони
Журналист Рустами Жони

Тәжікстанда Прагада тұратын журналист Рустами Жониге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Билік оны елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге жария түрде шақырып жатыр деп айыптады. Бұл жөнінде Озоди радиосына Рустами Жонидің өзі хабарлады.

"22 ақпанда Душанбеде тұратын енемді ішкі істер бөліміне шақырып, маған қарсы іс қозғалғанын хабарлаған. Тәжікстн Қылмыстық кодексінің 307-, 401- баптары бойынша елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге жария түрде шақырды деген айып тағып жатыр", - деді ол.

Бұл баптар бойынша жазаланған адам 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полиция өкілі енеме "ол елге келіп, өз еркімен беріліп, жария түрде кешірім сұрауы тиіс, сол кезде оған рақымшылық беріледі" деп ескерткен.

Душанбенің Сино ауданының ішкі істер бөлімі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты. Алайда Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі 24 ақпанда Озоди радиосына берген жауабында, бұл мәліметті растамады.

Рустами Жони Имруз радиосының директоры және "Имрузньюс" газетінің бас редакторы болған. Озоди радиосында бірнеше жыл жұмыс істеген. Қазір ол Прага қаласында тұрады.

Рустами Жони былтыр Таулы-Бадахшанда халық наразылыққа шыққан кезде, биліктің күшпен басуын ашық сынаған.

Таулы Бадахшанда жүргізілген "арнайы операция" кезінде ондаған адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG