Ішкі істер министрлігінің идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басшысы Альбина Махамбетованың айтуынша, оларға Қылмыстық кодекстің 115-бабы (“қорқыту”), 147-бабы (“жеке өмірге қол сұғу”), 158-бабы (“журналистік қызметке кедергі келтіру”), 202-бабы (“біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру”) және 293-бабы (“бұзақылық”) бойынша айып тағылған.
"Алматыда арандатушылық шабуылдарды тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О. Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда "тапсырыстар" беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді" дейді Альбина Махамбетова.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, "аталған топ Вадим Борейкоға, Гүлнәр Бажкеноваға, Гүлжан Ерғалиеваға, Самал Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Автокөліктерін өртеген, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларына қоқан-лоқы көрсетіп, DDoss-шабуыл ұйымдастырған".
"Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы Қазақстан президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді" деді Альбина Махамбетова.
Ішкі істер министрлігі бұған дейін Алматы мен Астанада "журналистерге шабуыл жасады" деген күдікпен 18 адам ұсталғанын хабарлаған.
Оның алдында жоғарыда аталған журналистер өздеріне түрлі тәсілмен шабуыл жасалғанын мәлімдеген.