Ссылки доступа

Тәжік билігі Мәскеуде ереуілге шыққан мигранттар мәселесіне назар аударды


Тәжікстан еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон министрлігі Мәскеуде тәжік мигранттарының Crocus Group құрылыс компаниясына қарсы наразылық акциясына назар аударды. Компания төрт айдан бері жұмысшылардың жалақысын төлемей отыр.

Өткен аптада Ресей астанасындағы жүздеген еңбек мигранты төрт айдан бері жалақы алмағанын айтып, наразылық акциясын өткізген.

Еңбек министрлігінің Азаттықтың Тәжік қызметі - Озоди радиосына 27 ақпанда жолдаған жауабында министрлік өкілдері үш күн бұрын мигранттарға айлық төлемей отырған құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесіп, жалақы төлеу мәселелерін талқылағаны айтылған.

Еңбек министрлігінің жауабында Crocus Group тапсырыс берушіден атқарылған жұмыс ақысын уақытылы ала алмауына байланысты айлықты кешіктірді деп жазылған. Алайда министрлік жауабында құрылыс компаниясы туралы көбірек айтылады, ал еңбек мигранттары туралы ештеңе жазылмаған деуге болады.

Еңбек министрлігі құрылыс компаниясы еңбек мигранттарына тәулігіне үш мәрте тамақ беріп, патенттерін төлегенін, арнайы киім бергенін атап өткен. Сонымен бірге министрлік компания кейінгі бес-алты жылда алғаш рет жалақыны кешіктірді деген.

Crocus Group құрылыс компаниясының басшылығы жұмысшылардың наразылығы туралы ресми мәлімет таратпады. Тәжік министрлігінің хабарлауынша, компания наурыз айының басында жалақыны төлеуге уәде берген. Алайда еңбек мигранттары мұндай уәдені үш ай бойы естіп келдік деп отыр.

22 ақпанда өзбек және тәжік мигранттары Мәскеуде Crocus Group құрылыс компаниясына қарсы наразылық акциясын өткізді. Жұмысшылар төрт ай бойы жалақы алмағанына шағымданды. Компания күзетшілері ереуілге шыққандарды тарату үшін пневматикалық қарумен әуеге оқ атқан.

Өзбекстан билігі құрылыс компаниясындағы өзбек мигранттарының шағымына құлақ асты. Өзбекстан сенатының ресми сайтында митингіге шыққан өзбектерге көмек көрсетіліп жатқаны айтылған. Алайда нақты қандай көмек көрсетілгені ресми мәлімдемеде айтылмады.

Crocus Group құрылыс компаниясы әзербайжандық кәсіпкер Ораз Агаларовқа тиесілі. Наразылыққа шыққан мигранттар "Левобережный" тұрғын үй кешенін тұрғызып жатыр. Тәжікстан еңбек министрлігінің мәліметінше, құрылыс алаңында 2300 мигрант жұмыс істейді, солардың шамамен 1 мыңы - Тәжікстан азаматы.

XS
SM
MD
LG