Ссылки доступа

Қарақалпақ белсендісі Тәжімұратовтың адвокаты Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірді  


Дәулет Тәжімұратов 
Дәулет Тәжімұратов 

Қарақалпақстандағы оқиға бойынша сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың інісі әрі адвокаты Ринат Тәжімұратов Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсірді. Бұл жөнінде "Газете.uz" басылымы хабарлады. 

"Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласу" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптарымен айыпты деп танылып, 16 жылға сотталған.

Белсендінің бауыры әрі адвокаты Ринат Тәжімұратовтың айтуынша, ағасына тағылған айыптардың бәрі негізсіз. "Ол ешқандай жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырмады, билікті күшпен басып алуға шақырмады", - дейді адвокат.

Дәулетмұрат Тәжімұратов сот барысында тек бір ғана айыбын мойындаған. Ол Қылмыстық кодекстің 244 - бабы бойынша "БАҚ-ты пайдаланып, демонстрация материалдарын әзірлеу, тарату". Адвокат бұл бапты кез-келген адамға тағып, айыптауға болатынын айтады.

Адвокат Жоғарғы соттан белсендінің кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, жазаны жеңілдетуді сұрайды. Сонымен бірге 6,55 млрд сум материалдық айыппұлдан да босатуды сұрайды.

2022 жылғы 1-2 шілде күндері Қарақалпақстан автономия республикасының астанасы Нөкіс қаласының тұрғындары Өзбекстан конституциясына енетін кейбір өзгерістерге қарсы наразылыққа шыққан. Жаңа заң жобасында Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен республика құрамынан өз еркімен шығу құқығы алынып қалған еді. Халық толқуынан соң, Ташкент даулы өзгерістерден бас тартқан.

Өзбекстан күш құрылымдары Нүкістегі наразылықты күшпен басқан. Өзбек билігінің мәліметінше, Нүкістегі наразылық кезінде 21 адам өліп, 243 адам жараланған, 500 адам қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG