Ссылки доступа

Қырғызстан: Мемлекеттік даму банкі "Альфа Телекомды" басқаруы мүмкін


Қырғызстанда "Альфа Телеком" (MEGA бренді) компаниясын Мемлекеттік даму банкіне басқаруға беруі мүмкін. Жогорку Кеңештің 1 наурыздағы отырысында экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев осылай деп хабарлады.

Депутат сауалына жауап берген министр компанияны дамыту үшін оны Мемлекеттік даму банкіне тапсыру жоспарда бар деп мәлімдеді.

"Компания мемлекет қарауында қалады. Мемлекеттік даму банкі 100 пайыз мемлекетке тиесілі. МДБ кәсіпорынды қаржыландырады, төмен пайыздармен несие береді. "Меганы" қабылдап алған соң МДБ жарғылық капиталы ұлғаяды", - дейді министр.

Бұның алдында президенттің баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев ұялы оператор мемлекет меншігінде қалатынын, жекеменшікке берілмейтінін хабарлаған.

2021 жылғы шілдеде Жогорку Кеңеш депутаттары мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бағдарламасына өзгеріс енгізді. Құжатқа сәйкес, үкімет "Альфа Телекомның" 30 пайыз акциясын сатуды көздеген.

Сол кезде Қырғызстан Ұлттық банкі "Альфа Телекомды" сатып алуы мүмкін деген мәлімет тараған, алайда қаржы мекемесі компанияны сатып алмаймыз деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG