Ссылки доступа

Бішкекте 8 наурызда әйелдер құқығын қорғаушылардың дәстүрлі шеруі өтеді


8 наурызда Бішкекте Спорт сарайы маңында әйелдердің дәстүрлі бейбіт шеруі ұйымдастырылады. Оған әйелдер құқығын қорғаушылар, гендерлік зорлық-зомбылық пен алалаушылыққа қарсы адамдар қатысады. Бұл туралы "8/365" феминистік қозғалысы хабарлады.

Ұйым мәліметінше, Қырғызстанда әйелдерге қоғамдық орындарда тиісу оқиғалары көбейген, ал милиция болса "әйелдерге қарсы қылмыстарды елемей отыр".

"Ер азаматтар мен әйелдер айлығының айырмашылығы 30 пайыз. Мектепке дейінгі білім мекемелері жетіспеген соң әйелдер баламен үйде отыруға немесе қашықтан жұмыс істеуге, сөйтіп екі есе көп ауыртпалық арқалауға мәжбүр. Гендерлік теңдік туралы заң жұмыс істемейді. Мемлекеттік басқарудың өзінде қазір екі әйел министр ғана бар. 7 облыс, 40 аудан, 32 қалашық және 453 айылда бір де бір жетекші әйел жоқ", - дейді шеру ұйымдастырушылар.

Бұған қоса феминистік қозғалыс өкілдері әйелдерге зорлық көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілік енгізуді, әр аймақта дағдарыс орталықтарын ашуды, сөз еркіндігіне қысым жасауды доғаруды талап етті.

2022 жылы Бішкек пен Ош қалаларында 8 наурызда әйелдер құқығын қорғаушылар мен Украинадағы соғысқа қарсылар бейбіт шеру өткізді.

Ал 2020 жылы Бішкекте 8 наурыздағы акция басталар алдын шеруді ұйымдастырушыларды милиция ұстады.

WPS рейтингінде (Әйелдер қауіпсіздігі индексі) Қырғызстан аймақ елдері арасында әйелдер үшін ең қауіпті екені айтылған.

XS
SM
MD
LG