Ссылки доступа

Шыңжаң түрмесінде отырған этникалық қазақтың қаза болғаны хабарланды  


Бақытхан Мырзанның қарындасы Алмахан Мырзан
Бақытхан Мырзанның қарындасы Алмахан Мырзан

Қытайдың Шыңжаң аймағында абақтыда отырған этникалық қазақ және дін зерттеушісі Бақытхан Мырзан 61 жасында қаза болды. Бұл туралы Азаттық оның туыстарына сілтеме жасап хабарлады. 

Мырзанның қаза болғанын тіркелмеген "Нағыз Атажұрт еріктілері" қозғалысының белсендісі Серікжан Біләш та Twitter'ге жазды.

Осыған дейін Бақытхан Мырзанның қарындасы Алмахан Мырзан Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында талай рет пикетке шығып, ресми Бейжіңді ағасын босатуға және Қазақстанға келуіне рұқсат беруге шақырған.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Мырзанның қаза болғаны жөніндегі хабарлар бойынша ешқандай пікір білдірмеді.

Алмахан Мырзан ағасы 2018 жылы діни жоралғаны іске асырғаны үшін 14 жылға сотталғанын айтқан. Оның Қытайда тұратын туыстары Бақытхан Мырзанның денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, үйқамаққа босатуды сұраған.

Қытайдың Шыңжаң- Ұйғыр автоном ауданында ұйғыр, қазақ және қырғыздар бастаған мұсылман жамағатының өкілдері "саяси тәрбие беру лагерлері" деп аталатын орында негізсіз қамалып жатқаны 2017 жылдан бері хабарланып келеді. Онда 1 миллионға дейін адам бары айтылып жүр.

Қытай билігі мұндай айыптауларды шетке қағып, Шыңжаңдағы әрекеттерін терроризм және экстремизмге қарсы күрес деп атап келеді.

XS
SM
MD
LG